Целиноград ауданында бірнеше жаңа нысан ашылды - Ақмола облысы

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Целиноград ауданында бірнеше жаңа нысан ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Целиноград ауданында бірнеше жаңа нысан ашылды - Ақмола облысы

«Жаңа кәсіпорындар іске қосылып, жаңа жұмыс орындарының ашылуы, әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелердің шешілуі өңірлік дамудың векторы болады», дейді ведомстводан.

Бұл жолы Қосшы ауылында ауыл клубы ашылды. Нысан рухани дамудың орталығына айналатыны сөзсіз.

«Мәдени ошақтың ашылуы ауыл тұрғындарының шығармашылықпен айналысып, мәдени деңгейін көтеруіне мүмкіндік береді», - дейді Целиноград ауданының әкімі Мәлгаждар Тәткеев.

Клубта хореграфия, шахмат, дойбы, вокал, хор, ұлттық аспаптарда ойнау сияқты  10 үйірме жұмыс істейді. Бұдан бөлек, клуб жанынан 900 кітап қоры бар кітапхана ашылды.

Сонымен қатар, ауылда орын алған тағы бір айтулы оқиға - «KAZYNA-SR» ЖШС-нің жиһаз цехының ашылуы. Цифрландырылған кәсіпорын қазіргі заманғы технологияны қолданудың арқасында жиһаздың бірнеше түрін шығарып қана қоймай, еңбек өнімділігін арттырады деп жоспарланған.

Жобаны танымал кәсіпкер, меценат Сара Матайбаева жүзеге асырып отыр. Ол ауылдың дамуы мен ондағы халықтың өмір сүру сапасын арттыруға барынша үлес қосып келеді. Демеушінің көмегімен ауылда отбасылық денсаулық орталығы ашылып, мемлекетке тапсырылды, бұдан бөлек ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын мектептің құрылыс жүргізілуде.