Цемент бағасы қымбаттамайды - Бәсекелестікті қорғау агенттігі

АСТАНА. Маусымның 22-сі. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Қазақстан Құрылысшылары қауымдастығы мен «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорына еншілес «Жылжымайтын мүлік қоры» АҚ цемент бағасының өсімі болмағанын мәлімдеуде,

Цемент бағасы   қымбаттамайды - Бәсекелестікті қорғау агенттігі

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, үстіміздегі жылғы мамырдың 16-сы күні еліміздегі цемент шығаратын 5 зауыт пен Қазақстан Құрылысшылары қауымдастығы және «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ «Жылжымайтын мүлік қоры» АҚ арасында бірлескен меморандумға қол қойылды. Меморандумға сәйкес Мемлекеттік бағдарлама бойынша бой көтеріп жатқан тұрғын үй нысандарының құрылысын аяқтау үшін аталмыш зауыттар цементті Қазақстан Құрылысшылары қауымдастығы  мен «Жылжымайтын мүлік қорына» белгіленген көлемде әр тоннасын 9 мың 500 теңгеден жеткізіп тұруды міндеттеріне алды.

 Бірақ жуырда зауыттар цементтің бағасын негізсіз көтергендігіне қатысты дау-дамай шыққан болатын. Бүгін осы мәселеге орай Бәсекелестікті қорғау агенттігінде меморандумға қатысушы 5 зауыттың басшысы мен Қазақстан Құрылысшылары қауымдастығы және «Жылжымайтын мүлік қоры» өкілдерінің қатысуымен кеңейтілген кеңес өтті.

 Кеңестен кейін журналистерге арналған баспасөз мәслихатында Құрылысшылар қауымдастығы мен «Жылжымайтын мүлік қоры» өкілдері бүгінде меморандумда белгіленген цемент бағасының өсімі болмағанын атап өтті. 

 Бәсекелестікті қорғау агенттігі төрағасының орынбасары Жанат Қожахметовтың айтуынша, цементтің бағасы алдағы уақытта да қымбаттамайтын болады. «Ал меморандумнан тыс нарықтағы бағаға келсек, оның орташа бағасы республика бойынша 12 мың 500 теңге аралығында сақталуда. Цементтің ең төменгі бағасы - 9 мың 200 теңге, ал ең жоғарысы - 15 мың теңге. 2008 жылдың маусым-шілдесімен салыстырғанда баға айтарлықтай өзгерген жоқ», - деді ол.

 Ж.Қожахметов цемент бағасының қысқы мезгілге қарағанда қымбаттауы қалыпты маусымдық үрдіс деп түсіндіріп, цемент бағасы күрт қымбаттаған 2007 жылғы жағдай қайталанбайтынына уәде етті.