Cемейде биыл 46 аула абаттандырылмақ

ауланы абаттандыру
Фото: Абай облысы әкімдігі

СЕМЕЙ. KAZINFORM – Семей қаласында осы жылы 46 аула абаттандырылады. 

Абай облысы әкімінің орынбасары Димитрий Гариков Семей қаласындағы аула аумақтарын жөндеу, абаттандыру, жылумен жабдықтау нысандарын жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. 2024 жылы қаланың 46 аула аумағы мен 4 қоғамдық кеңістікті абаттандыру жоспарланған. Оның ішінде халық қатысатын бюджет бойынша 14 аула абаттандырылады.

абаттандыру
Фото: Абай облысы әкімдігі

«Аула аумағын абаттандыру жұмыстарына жаяу жүргіншілер жолының тротуарларын ауыстыру, көшелерді жарықтандыру, футбол, спорт алаңдарын, шағын сәулет нысандарын орнату, гүлдер мен көшеттерді отырғызу кіреді. Қазіргі уақытта абаттандыру жұмыстары жүргізілетін аула аумақтары комиссия шешімімен анықталды. Комиссия құрамына жекелеген бөлімдер басшылары, депутаттық корпус, қоғамдық кеңестің өкілдері енген», - деп хабарлады Абай облысы әкімдігінен.

Семей қаласының аумағын күтіп-ұстау жұмыстары шеңберінде ескерткіштерге, шағын сәулет нысандарына, спорт, балалар ойын алаңдарына жөндеу жүргізу, гүлзарлар салу, ескерткіштер мен субұрқақтарды күтіп-ұстау жоспарлануда.

абаттандыру
Фото: Абай облысы әкімдігі

«Осы жылы 37,9 шақырым жылу желісін жаңғырту, 10 жылу көзін жөндеу бойынша 15 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Жыл қорытындысында жоспарланған жобаларды іске асыру нәтижесінде, Абай облысында жылу желілерінің тозуы 64,2%-дан 56,4%-ға дейін төмендейді деп күтілуде. Бұдан басқа, меморандумдар шеңберінде 7 жылу көзін, 3 жылу желілері учаскесін және 32 жылу желілері бар ЦТП қайта құру мен салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде», - делінген ақпаратта.

Осылайша, мердігер ұйымдарға және облыс әкімдігінің басқармаларына процесті бақылау, барлық жұмысты белгіленген мерзімде аяқтау жөнінде тиісті тапсырмалар берілді.

Соңғы жаңалықтар