Cенат комитеті арнаулы мемлекеттік органдар туралы заң жобасын талқылады
«Қазіргі таңда біздің елімізде мемлекеттік қызметтің бірқатар түрлері заңнамалық тұрғыдан реттеліп отыр және оларға дипломатиялық, әскери және құқық қорғау қызметтерін жатқызуға болады. Осы ретте тоқтала кететін жайт, еліміздің арнаулы органдарының өзінің ерекшеліктері баршылық. Ал олардың қызметінің заңнамалық тәртіппен нақты түрде реттелмеуі мемлекет үшін белгілі бір қиындықтарды туындататыны да рас. Сондықтан да, ұсынылып отырған заң жобаларымен екі маңызды мәселені шешу қарастырылады. Біріншіден, демократиялық үдерістердің дамуы жағдайында олар мемлекет демилитаризациясы үшін ерекше жағдайлар қалыптастырады», - дейді заң жобасын таныстырған ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Ғұсман Әмірин.
Оның айтуынша, заң жобаларын қабылдау арнаулы мемлекеттік органдарға, атап айтқанда ҰҚК-ға, «Сырбар» Сыртқы бақылау қызметіне және Президенттің күзет қызметіне бөлінген ресурстарды тікелей міндеттерді шешу үшін шоғырландыруға мүмкіндік беретін болады. Бұдан бөлек, құжат арқылы олардың жұмыс істеу ерекшеліктеріне қарай арнайы мемлекеттік орган қызметкерлерінің әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету мәселелерін де қамту көзделіп отыр.
Аталған заң жобалары палатаның алдағы жалпы отырысына шығарылатын болады.