Cенат ҚР Жоғарғы Сотының судьясын сайлады
АСТАНА. Ақпанның 25-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары Әуезнұр Қаженовты басқа лауазымға тағайындалуына байланысты ҚР Жоғарғы Сот судьясы қызметінен босату және Нұржан Қайыпжанды ҚР Жоғарғы Сотының судьясы етіп сайлау туралы мәселені қарады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ә. Қаженов 1953 жылы туылған, 1978 жылы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін құқықтану мамандығы бойынша бітірген. 2003 жылғы сәуірден бері ҚР Жоғарғы Сотының судьясы болып қызмет етіп келеді. Судья қызметіндегі еңбек өтілі 24 жыл. ҚР Жоғарғы Сотының жалпы отырысының қорытындысы негізінде Ә. Қаженовты Павлодар облыстық сотының төрағасы қызметіне тағайындау ұсынылған.
Ал жаңадан сайланған судья Нұржан Қайыпжан 1963 жылы туылып, 1986 жылы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін құқықтану мамандығы бойынша бітірген. ҚР Президентінің 2008 жылғы мамырдағы Жарлығымен Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі алқа төрағасы қызметіне тағайындалған. Судьялық жұмыс өтілі 13 жылдан астам.
Сенат аталған мәселелерге қатысты тиісті қаулы қабылдады. Осыдан соң ҚР Жоғарғы Сотының судьясы қызметіне сайланған Н. Қайыпжан депутаттар алдында ант қабылдады.