Cенаторлар Қазақстандағы газ саласын дамыту және өңірлерді газдандыру мәселесін талқылады
АСТАНА. Маусымның 4-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатында Үкімет сағаты өтіп, онда еліміздегі газ саласын дамыту және өңірлерді газдандыру мәселесі талқыға түсті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінгі күні еліміздің мұнайгаз саласында түбегейлі құрылымдық қайта құрулар жүзеге асып, бұл бағыттағы басқару жүйесінде реформалар жүргізілді. Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар 2015 жылға дейінгі газ саласын дамыту тұжырымдамасына сәйкес елді мекендерді газдандыру аясында біршама жұмыстар атқарылды. Дегенмен де, Газ саласын дамыту бағдарламасын жүзеге асыру, оның ішінде елді мекендерді газдандыру шарасы сәтсіздікке ұшырап отыр. Жалпылама алып қарасақ, бұған таңданарлық ештеңе де жоқ, өйткені бұл үдеріс жергілікті сипат алып, онда Қазақстанның солтүстік өңірлерінің мүдделері қорғалмаған еді. Сонымен бірге, бұл бағытта бағдарламаны жүзеге асырудың заманауи, бұрынғыдан тиімдірек әдістері қамтылмады. Оның үстіне бағдарлама тек қана мемлекет қаражаты есебінен жүзеге асты», деді жиын барысында сенатор Еділбай Иманқұлов.
Оның айтуынша, бүгінгі басқосуда талқыға түскен мәселе ел азаматтарының өмір сапасын жақсарту тұрғысынан аса маңызды болып табылады. Осыған орай, сенаторлар жиын барысында бірқатар салмақты ұсыныстарды әзірлеуді көздеп отыр.