Challenger ATP PRESIDENT'S CUP турнирінде жеңіске жетуге бар күшімді саламын - М. Кукушкин
АСТАНА. 2 қараша. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Елордада жүлде қоры 125 мың АҚШ долларын құрайтын Challenger ATP PRESIDENT'S CUP сериялы халықаралық турниріне Қазақстан атынан Михаил Кукушкин қатысады.
St.Petersburg Open-2010 турнирінен бас жүлдемен оралған жас теннисші Астанадағы жарыстың жеңісіне де дәмелі. «Президент кубогінде жеңіске жеткен теннисшіге 110 ұпай беріледі. Бұнда жеңіске жетуге бар күшімді саламын. Егер мен бас жүлдені олжалап, 110 ұпайды алып жатсам, мен үшін ол үлкен жетістік. Себебі мен үздік 50 ойыншының қатарына енемін», - деп атап көрсетті ол бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында.
М. Кукушкиннің айтуынша, әлемдік рейтінгтің алғашқы елулігіне ену мақсатын ол 2011 жылы бағындыруды көздеген екен. «Егер мен бұл мақсатыма биыл жетіп жатсам, мен қатты риза болар едім. Сол себептен Президент кубогі жолындағы жарыста аянып қалмаймын», - дейді ол.
Турнирде М. Кукушкинге Райнер Шутлер, Игорь Куницын, Мартин Фишер, Константин Кравчук сынды теннисшілер қарсылас атанады.
М. Кукушкиннің айтуынша, Challenger ATP PRESIDENT'S CUP сериялы халықаралық турнирінен кейін, ол қараша айының орта кезінде өтетін Қытайдағы жазғы Азия ойындарына Қазақстан атынан қатысуға аттанады. Сонымен оның ойын маусымы биылға аяқталады.
«Дәулет» ұлттық теннис орталығында басталған байрақты бәсеке 7 қарашаға дейін жалғасады. Жеке разрядтағы жартылай финал мен жұптық разрядтағы финал 6 қарашада, ал жеке разрядтағы ақтық бәсеке ойындары 7 қарашада өтеді.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін қазақстандық теннисші Санкт-Петербордан елордаға оралды. Ол St.Petersburg Open-2010 турнирінің финалдық ойынында Ресей спортшысын 6:3, 7:6 есебімен жеңген болатын. Санкт-Петерборда қол жеткізген жеңісінен кейін Михаил Кукушкин әлемдік теннис дәреже сатысында жоғары көтерілді.