Champions Swim Series: Дмитрий Баландин қола медаль жеңіп алды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Будапеште Champions Swim Series-тің екінші кезеңі аясында брасс әдісімен 200 метрге жүзуден жарыстар аяқталды. Қазақстандық Дмитрий Баландин қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетінен мәлім еткендей, Олимпиада чемпионы Баландин дистанцияны 2:10.73 уақытында еңсерді. Бұл көрсеткішпен ол үздік үштікті түйіндеді. Жарыс жеңімпазы ресейлік Антон Чупков болды. Оның нәтижесі - 2:08.23. РФ спортшысы аталмыш әлемдік турнирдің бірінші кезеңінде де үздік нәтиже көрсеткен болатын.
Дистанцияны екінші болып жапондық Иппэй Ватанабэ аяқтады. Уақыты - 2:08.61. Айта кетейік, И.Ватанабэ осы қашықтықта әлемдік рекорд орнатқан болатын, көрсеткіш - 2:06.67.
Еске салайық, Champions Swim Series-тің бірінші кезеңінде Д.Баландин төртінші орыннан көрінді. Бұл нәтиже оған 2020 жылғы Олимпиадаға жолдама алуға мүмкіндік берді.
Серияның соңғы жарыстары АҚШ-тың Индианаполисінде 31 мамыр-1 маусым аралығында өтеді.