ChatGPT кеңесінен кейін қайтыс болған әйелдің отбасы сотқа шағым түсірді

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-та эпилепсия ұстамасынан қайтыс болған 31 жастағы Қытай азаматының ата-анасы ChatGPT берген кеңестерге шағымданып OpenAI компаниясын сотқа берді. Олар әйелдің чатботтан алған медициналық кеңесі қайғылы оқиғаға әкеп соқты деп мәлімдейді. Бұл туралы The Guardian басылымы жазды.

ChatGPT кеңесінен кейін қайтыс болған әйелдің отбасы сотқа шағым түсірді
Фото: BigGo Finance

Шағымға қарағанда, Сиэтлде тұратын ІТ инженер Боуэн Ван Amazon-нан жұмыстан шығарылғаннан кейін ChatGPT-тен кеңес сұраған. Ол АҚШ-та тұрақты тұру үшін жаңа жұмыс іздеп жүрген еді. Қабылдап жүрген эпилепсияға қарсы дәрісі оның ағылшын тілінде сөйлеу қабілетіне әсер етеді деп ойлаған. Сұхбаттан өту үшін тіл білу маңызды еді.

Талапкерлердің айтуынша, чатбот әйелге дәрі-дәрмектің мөлшерін 400 мг-нан біртіндеп азайтып, толық бас тартды ұсынған және бұл оның сөйлеу дағдыларын қалпына келтіруге көмектесетініне сендірген. Алайда, бұл емдеу тәсілін дәрігер тағайындамаған.

Сонымен қатар, сот ісіне сәйкес, ChatGPT оған медицина қызметкерлерімен кеңесуден аулақ болуға және дәрі-дәрмектің мөлшерін азайту жоспарлары туралы дәрігерге хабарламауға кеңес берген.

Дозаны азайта бастағаннан кейін, әйелде фокальды эпилепсиялық ұстама белгілері пайда болған. Науқас чатботтан миына зақым келуі мүмкін бе деп сұрағанда, талапкерлердің айтуынша, ЖИ оның ешқандай қауіп жоқ екеніне сендірген.

Науқастың жағдайы нашарласа да, чатбот дозаны азайтуды ұсына берген. 2026 жылдың 12 ақпанында Боуэн Ван эпилепсиялық талма салдарынан қайтыс болды. Қытайдағы ата-анасы қызынан келетін хабар тоқтаған соң бірден Сиэтлге ұшып келген. Әйелдің денесі 14 ақпанда табылды.

Қыздың отбасы OpenAI қосымша қауіпсіздік механизмдерін енгізгенде, қайғылы оқиғаның алдын алуға болар еді деп санайды. Олар қызының өлімі үшін өтемақы және компанияға лицензиясыз медициналық кеңес беруге тыйым салатын бұйрық шығаруды талап етіп отыр.

OpenAI бұл оқиғаны өте жүрек ауыртатын жағдай деп атады. Компания өкілі The New York Times газетіне әйелдің ChatGPT-дің қазіргі уақытта өзекті емес нұсқасын пайдаланғанын мәлімдеді. Ол чатботтың жаңа нұсқалары шұғыл назар аударуды қажет ететін жағдайларды жақсырақ танитынын айтты.

Компания сонымен қатар ChatGPT медициналық көмектің орнын баса алмайтынын, дегенмен жасанды интеллект пайдаланушыларға медициналық ақпаратты алуға, сақтандыру мәселелерін шешуге және дәрігерлермен кеңесуге дайындалуға көмектесе алатынын атап өтті.

Еске сала кетейік, Швеция деректердің таралу қаупіне байланысты ChatGPT пен Claude қолдануға шектеу қойды. 

ChatGPT мәтіндері енді көрінбейтін белгілермен белгіленеді.