Чехия АҚШ-пен жасалған зымыранға қарсы қорғаныс жүйесі туралы келісімді қайта шақыртып алды
ПРАГА. Наурыздың 18-і. ҚазАқпарат - Чехия үкіметі әуе қорғанысы жүйесі аясында ел аумағына радиолокациялық стансалар орнату жөніндегі АҚШ-пен жасалған келісімді ел парламентінен уақытша қайта шақыртып алды.
Бұл туралы Чехияның премьері Мирек Тополанек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат РБК агенттігіне сілтеме жасап.
Чехияның СТ-24 телеарнасының ақпараты бойынша, М.Тополанек үкіметтің американ-чех келісімін бекіту туралы мәселеге сәуірдің 3-4-інде өтетін НАТО саммитінен кейін оралатынын айтты. Үкімет құжатты парламенттен қайта шақыртып алуға мәжбүр болып отыр, себебі депутаттар палатасындағы оппозиция шартқа қарсы дауыс береміз деп қоқан-лоқы жасауда. Министрлер кабинеті Чехияның зымыранға қарсы қорғаныс жүйесіне атсалысу жолдауын қолдап отыр, бірақ АҚШ-пен арадағы келісім парламентте бекітілуі керек, ал ол жерде үкімет коалициясы аз дауысқа ие. Естеріңізге сала кетейік, Джордж Буш бастаған АҚШ-тың бұрынғы әкімшілігі Чехиямен және Польшамен осы елдердің аумағына зымыранға қарсы қорғаныс жүйесінің элементтерін орнату туралы үкіметаралық келісім жасаған болатын. Вашингтон зымыранға қарсы қорғаныстың Еуропаны Иран мен Солтүстік Корея елдерінің тарапынан орын алуы ықтимал шабуылдардан қорғауға арналады деп мәлім еткен еді. АҚШ-тың жаңа президенті Буштың жоспарын қайта қарап жатыр және оған қатысты өз ұстанымын жария етуге асығар емес.