Чехия машина жасау концерндері Қазақстанмен ынтымақтастыққа қызығушылық білдіреді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Чехияның Острава қаласында «Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен сыртқы экономикалық байланыс» атты тақырыптағы халықаралық конференция өтті. Оған Қазақстанның Чехиядағы Елшісі Сержан Әбдікәрімов, Мәжіліс депутаты, Қазақстан машина жасаушылар одағының төрағасы Мейрам Пішембаев қатысты. Бұл туралы СІМ баспасөз қызметінен хабарланды.
Жиын барысында сөз сөйлеген Елші ЕАЭО елдеріне төрағалық етуші ретіндегі Қазақстанның қызметі жайында баяндады. Сонымен қатар, С. Әбдікәрімов Еуразиялық экономикалық одақтың үшінші елдермен және Еуропа одағы секілді негізгі интеграциялық бірлестіктермен экономикалық қатынастарды тереңдету туралы ҚР Президенті Н. Назарбаевтың бастамалары туралы айтып берді.
Ал Мәжіліс депутаты Мейрам Пішембаев ірі чех бизнесі өкілдерінің алдында Қазақстанның машина жасау саласын дамыту перспективалары туралы баяндама жасап, еліміздегі бизнес жүргізу шарттары, инвестициялық климат пен Қазақстанның өнеркәсіптік-экономикалық әлеуетін сөз етті. Сонымен қатар, ол Чехия іскер топтарын Қазақстанмен белсенді ынтымақтастыққа шақырып, «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру аясында «ноу-хау» мен жаңа технологиялар тартуға еліміздің мүдделі болып отырғанын жеткізді. «Біз Чехия тарапын 2017 жылы Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне белсенді түрде қатысады деп сенеміз. Сонымен қатар, чехия машина жасау концерндерін 2016 жылдың 16 қыркүйегінде Астанада өтетін Қазақстанның машина жасаушылар форумына қатысуға шақырамын», - деді М. Пішембаев.
Өз кезегінде Чехия бизнес-қауымдастығы бүгінгі байланыстар ауқымын кеңейтуге әзір екендіктерін, Қазақстанмен жаңа экономикалық қарым-қатынастар орнатуға қызығушылық танытатындықтарын жеткізді.