Чехия премьер-министрі Пржевальский жылқысының құлынына кіндік әке болды

ПРАГА. ҚазАқпарат – Прагада Чехия премьер-министрі Петр Фиала Пржевальский жылқысының құлынын шоқындырып, бір айлық биеге Барунка деп ат қойды. Фиала құлынның кіндік әкесі ғана емес, бәрінен бұрын ол - Прага хайуанаттар бағы ұйымдастырған соңғы жабайы жылқыларды Қазақстанға қайтару жобасының қолдаушысы, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Чехия премьер-министрі Пржевальский жылқысының құлынына кіндік әке болды

«Көптеген жыл бойы Чехия Пржевальский жылқыларын құтқаруға көмектесті. Осы жолда Прага хайуанаттар бағының көмегі зор болды. Директор Бобэк Прага хайуанатар бағы мен Қазақстан Республикасы экология министрлігімен бірлесіп жұмыс істеу туралы меморандумға қол қойғанда мен өзім сол жерде болып, куәгер атандым. Онда Орта Азия аумағында, оның ішінде Қазақстанда Пржевальский жылқыларының популяциясын кеңейтуге қатысатынымыз жазылған. Қазір мен Дивчи Градехте дүниеге келген алғашқы құлынды шоқындыру мүмкіндігіне ие болғаныма қуаныштымын, себебі дәл осы Барунка болашақта ата-бабасының өлкесіне – Қазақ даласына барады деп ойлаймын» - деді Чехия премьер-министрі Петр Фиала шоқындыру кезінде.

Прага хайуанаттар бағының директоры Мирослав Бобэк шоқындыруға орай Прага хайуанаттар бағы Пржевальский жылқыларын Моңғолияға қайтара жерсіндіру процесіне қатысып жатқанын еске салды. Хайуанаттар бағы осы қызметінің арқасында Дүниежүзілік хайуанаттар бағы мен аквариумдар қауымдастығының ең үлкен WAZA Conservation Award марапатына ие болды.