Чехия ШҚО-ға ультражеңіл ұшақтар жеткізуге ниетті
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Чехия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Рудольф Гуклемен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кездесу барысында тараптар кен өндіру ісі мен сауда-экономикалық салада серіктестік орнату мүмкіндіктерін талқылады.
«Қазақстан металлургиясының бүгіні мен ертеңі біздің өңірмен тікелей байланысты. Бұдан бөлек, Қазақстанның атом өнеркәсібі де бар. Біз қуаттылық жөнінен әлемдегі ең үлкені саналамыз. Кезінде бүкіл Советтік социалистік аумаққа электр стансаларының отынын шығардық. Сол өндірістік қуат әлі де бар», - деді Даниал Ахметов.
Чехия елшісі кен өндіру қондырғыларын жеткізуге, ауыл шаруашылығы саласында байланыс орнатуға ниетін білдірді.
«Бұдан бөлек, Чехиялық кәсіпорындар машина жасау саласында, қалаларды жарықтандыру және трамвай паркін қайта жарақтау ісінде қанаттаса жұмыс істеуге қызығушылық танытып отыр. Елші Рудольф Гикле азаматтық қорғаныс саласында байланыс орнатып, ШҚО-ға ультражеңіл ұшақтар мен сигналды жарық құралдарын жеткізу, трамвай вагондарын жасау бойынша ұсыныстар айтты», - делінген облыс әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Кездесу барысында Чехия елшісі Шығыс Қазақстанның туристік әлеуеті зор екенін атады.