Чехияда көмір шахтасында жарылыс болып, 13 адам қаза тапты

ПРАГА. ҚазАқпарат - Чех Республикасының солтүстік-шығысында орналасқан Карвин қаласындағы СSM көмір шахтасында метан жарылып, салдарынан 13 адам қаза тапты. Оның 11-і - польшалықтар болса, екеуі - Чехия азаматы, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
None
None

Жарылыс бейсенбі күні Орталық Еуропа уақытымен 17:17-де 880 м тереңдікте болған.

«Жарылыс салдарынан 13 адам - 11 поляк және екі чех қаза тапты. Апатқа метанның өртенуі себеп болған. Шахтерлер жұмыс істеп жатқан бірнеше учаскеде жыныстар опырылып түскен», - деп мәлімдеді шахта дирекциясының өкілі Иво Челеховский.

Жарылыс кезінде жарақат алған бір шахтер жергілікті ауруханалардың бірінде хал үстінде жатыр. Ауруханаға жеткізілген тағы екі шахтердің жағдайы аса ауыр емес. Жалпы, апат салдарынан 10 шахтер зардап шеккен, соның жетеуіне амбулаторлық ем-дом жасалып жатыр.

СSM шахтасында болған қайғылы оқиға - соңғы жылдарда Чехияда болған апаттардың ішіндегі ең ірісі. Чех-поляк шекарасына жақын маңда орналасқан шахтаға Чехия және Польшаның премьер-министрлері Андрей Бабиш мен Матеуш Моравецкий аттанған.

Польша Президенті Анджей Дуда Twitter-де опат болған 11 поляк кеншісінің жақындары мен туыстарына көңіл айтты.

 

Фото: EPA

Соңғы жаңалықтар