Чехиядан келген магистрант қазақ әдебиетін оқып жүр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Палацк университетінің магистранты Ян Брзобогаты Торайғыров университетіне білім алуға келді. Ол Erasmus + бағдарламасы бойынша Азия елдері және қазақ әдебиетін оқып жүр.

Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Ғылым және жоғары білім минисрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Чехиядан келген магистрант Павлодар жоғары оқу орнын өзі таңдаған. Мұнда ол «Азиатистика бойынша маманданған қытай тілі мен мәдениеті» мамандығы бойынша үш айлық оқудан өтеді. Сонымен қатар, Ян Брзобогаты ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетін зерттеу жайлы шешім қабылдады. Атап айтқанда, Сәбит Мұқанов пен Сәкен Сейфуллиннің шығармаларына қызыққан.

«Біз Еуропадан келген студенттер мен магистранттардың өз бағытында жаңа білім алу және Қазақстан мәдениетін зерттеу үшін ToU-ды таңдағанына өте қуаныштымыз. Біз әрқашан шетелдік қонақтар үшін ашықпыз және оларға оқуда да, күнделікті өмірде де көмектесуге дайынбыз. Бүгінгі таңда біздің университет шетелде танымал бола бастады. Бұл болашақта басқа елдерден келетін студенттер мен магистранттар ағыны өсетінін білдіреді», – деп атап өтті ЖОО ректоры Еркін Садықов.

ToU және Палацк университеті 2014 жылдан бері серіктес. Бұл ынтымақтастық профессорлардың қонақ дәрістерін және студенттердің екіжақты ғылыми тағылымдамаларын қамтиды. Жалпы, Торайғыров университеті 100-ден астам жоғары оқу орнымен серіктес.

«Айта кетсек, тек 2022 жылы бізде Нигерия, Қытай, Моңғолия, Ресей, Германия, Өзбекстан, Әзербайжан, Украина, Израиль, Грузия, Ауғанстан, Ирак және т. б. елдерден 239 шетелдік студент тұрақты негізде оқыды»,-делінген хабарламада.


Фото: t.me/gylym_jogary_bilim

Соңғы жаңалықтар