Чехияның банк секторы Қазақстанға инвестиция салуға дайын

АСТАНА. ҚазАқпарат - Чехияның банк секторы Қазақстанға қаржы бағыттауға дайын. Бұл туралы бүгін ҚР Сыртқы істер министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында Қазақстанның Чехиядағы Елшісі Сержан Әбдікәрімов мәлім етті.

Чехияның банк секторы Қазақстанға инвестиция салуға дайын

«Жақында мемлекеттік EGAP сақтандыру компаниясы төрағасымен кездестім. Ол өз сөзінде Қазақстан экономикасына бағытталатын ақшаны, несиелерді сақтандыруға даяр екенін растады. Яғни, чех компанияларының еліміз экономикасындағы жобаларға, сондай-ақ «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыруға белсенді қатысу үшін жақсы жағдайлар жасалып отыр»,-деді Елші.

Мұнымен қоса ол чех бизнесінің көшбасшыларымен, кәсіпкерлердің ірі бірлестіктері басшыларымен, көлік және өнеркәсіп қызметкерлерімен кездесулер өткізгенін атап өтті.

«Олар біздің елмен жұмыс істеуге ниет білдіруде. Біз олар үшін тиісті кездесулер мен сапарларды ұйымдастырудамыз. Жалпы, бұл бағытта белсенді жұмыстар жүріп жатыр»,-деді С. Әбдікәрімов.

Таратылған мәліметтерге қарағанда, 2005-2014 жылдар аралығында Чехияның Қазақстан экономикасына тікелей инвестициясының көлемі 196,2 млн. долларға жетті.