Чек болмаса, дүкен иесі сатып алушының тауарды қайтару талабынан бас тарта ала ма
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Ел арасында «Тауарда чек болмаса, дүкен иесі сатып алушының тауарды қайтару туралы талабынан бас тарта ала ма?» деген сұрақ жиі туындайды. Бұл мақалада көпті толғандырған осы және басқа да сауалдардың жауабын ұсынбақпыз.
Тауарды қайтару, айырбастау немесе бағаға қатысты даулар – тұтынушылар жиі кездесетін мәселелер. Көп жағдайда азаматтар чек жоғалғанда өз құқықтарын пайдалана алмаймыз немесе жеңілдікпен алынған тауарды қайтаруға болмайды деп ойлайды. Алайда Қазақстан Республикасының заңнамасында тұтынушылардың құқықтары қорғалған.
Kazinform тілшісі Шығыс Қазақстан облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Андрей Троеглазовтан тұтынушыларды толғандыратын ең өзекті сұрақтардың жауабын алды.
- Тауарлық немесе фискалдық чектің болмауы өздігінен тауарды қайтарудан бас тартуға негіз бола алмайды. ҚР «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 18-бабы 2-тармағы мен 30-бабы 1-тармағына сәйкес, сатып алушы тауарды дәл осы дүкеннен алғанын өзге дәлелдер арқылы растай алады. Мұндай дәлелдерге куәгерлердің айғақтары, фото немесе бейнежазбалар, банк картасымен жасалған төлем туралы үзінділер және сатып алу фактісін дәлелдейтін басқа да құжаттар жатады, - деп түсіндірді ол.
Сондай-ақ егер сатып алынған тауардың өлшемі, түсі немесе басқа да сипаттамалары сәйкес келмесе, сатып алушы оны айырбастауды талап етуге құқылы. Бұл үшін тауар пайдаланылмаған болуы, тұтынушылық қасиеттері сақталуы, пломбалары мен жапсырмалары бүлінбеуі және сатып алу фактісі расталуы қажет. Осындай жағдайда сатушы тауарды айырбастауға міндетті. Егер қажетті тауар сатылымда болмаса, тұтынушыға төленген қаражат толық көлемде қайтарылуы тиіс.
- Сауда орындарында жиі кездесетін тағы бір мәселе – сөредегі баға мен кассадағы бағаның сәйкес келмеуі. Заңның 24-бабы 1-тармағына сәйкес, сатушы тұтынушыға тауар туралы, оның ішінде бағасы жөнінде дұрыс әрі уақытылы ақпарат беруге міндетті. Сондықтан тұтынушы тауарды сөреде көрсетілген баға бойынша сатуды талап етуге толық құқылы, - дейді Андрей Троеглазов.
Өз сөзінде ол жеңілдікпен немесе акция кезінде сатып алынған тауарларға қатысты да кең тараған жаңсақ пікірді жоққа шығарды. Мұндай тауарлар да заң талаптарына сай болса, яғни пайдаланылмаған және тауарлық күйі сақталған жағдайда айырбасталады немесе қайтарылады.
- Сондықтан «акциямен алынған тауар қайтарылмайды» деген жазу немесе ауызша түсіндіру заң талаптарынан жоғары тұрмайды. Тұтынушыларға сатып алу кезінде төлемді растайтын құжаттарды сақтауға кеңес береміз. Дегенмен чек жоғалған күннің өзінде, заңда көзделген өзге дәлелдер арқылы өз құқықтарын қорғауға мүмкіндік бар. Ең бастысы, тұтынушы өз құқықтарын біліп, қажет болған жағдайда заң аясында талап қоя алуы тиіс, - дейді департамент басшысының орынбасары.
Еске салсақ, осыған дейін Қызылордада тауар бағасын дұрыс рәсімдемеген 42 сауда орнына айыппұл салынғаны хабарланған.