Чемпиондар лигасы: «Бавария» мен «Реал» жартылай финалға шықты

Чемпиондар лигасы: Ширек финалға жолдама алған командалар белгілі болды
Фото: UEFA

АСТАНА. KAZINFORM — Еуропа чемпиондар лигасында «Бавария» (Германия) мен «Реал» (Мадрид) жартылай финалға шықты. 

Мюнхенде жергілікті «Бавария» мен «Арсенал» (Лондон) командалары шеберлік байқасты. Лондондағы алғашқы ойында 2:2 есебімен тең тарқасқан еді.

Бұл жолы бірінші таймда «Арсенал» қауіптірек шабуылдағанымен, есеп ашылған жоқ.

Екінші кезеңде 63-минутта неміс қорғаушысы Йозуа Киммих соққан жалғыз гол матч тағдырын шешті.

Осылайша, Томас Тухельдің шәкірттері жартылай финалға шықты.

Еуропа чемпиондар лигасында өткен жылы жеңімпаз атанған «Манчестер Сити» Манчестердегі өз алаңында «Реал» (Мадрид) командасын қабылдады.

Ширек финалдық алғашқы ойында қос клуб 3:3 есебімен тең тарқасқан еді.

Қарымта матчта 12-минутта «Реалдан» бразилиялық шабуылшы Родриго есеп ашты. Бұған 76-минутта бельгиялық Кевин де Брейне жауап қайырды.

Тең аяқталған бәсеке экстатаймда жалғасты. Ақыры пенальти сериясында Карло Анчелотти жаттықтыратын «Реал» жеңіске жетті.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын чемпиондар лигасында ПСЖ мен «Боруссия» клубтарының жартылай финалға жолдама алғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар