Чемпиондар лигасы: «Бавария» «Реал Мадридті» жарыс жолынан шығарды

АСТАНА. KAZINFORM — Футболдан UEFA Чемпиондар лигасы жартылай финалына жолдама алған барлық құрама белгілі болды.

«Бавария» «Реал Мадридті» жарыс жолынан шығарды
Фото: UEFA.com

Ширек финалдың екінші ойын күнінде «Бавария» (Германия) мен «Реал Мадрид» (Испания) командалары кездесті.

Алғашқы ойында испаниялық клуб өз алаңында қарсыласына 1:2 есебімен есе жіберген еді. Жарыстың келесі сатысына берілетін жолдаманың қолдан сусып бара жатқанын түсінген олар төреші ысқырығы естілген сәттен тізгінді өз қолына алуға тырысты. 

Ойынның 1-минутында «Реал Мадрид» сапынан Арда Гюлер өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ. Дегенмен «Бавария» ойыншысы Александар Павлович 6-минутта таразы басын теңестіріп үлгерді. 

Ал 29-минутта айып добын шебер орындай білген Арда Гюлер өзінің бұл оыйындағы екінші голын соғып үлгерсе, 38-минутта германиялық клубтан Гарри Кейн көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ. Есеп — 2:2.

Толассыз шабуыл барысында испаниялық командадан Килиан Мбаппе 42-минутта тепкен доп «Бавария» қақпасында тулап жатты. 

Ойынның ерманиялық клубтан Луис Диас 89, Майкл Олисе 93-минутта гол соғып, қорытынды есепті белгіледі.

Осылайша «Бавария» қарсыласынан 4:3 есебімен басым т.сіп, жартылай финалға жолдама алды.

Сондай-ақ тағы бір кездесуде Англияның «Арсеналы» (Англия) мен Португалияның «Спортингі» 0:0 есебімен тең ойнады. Екі команда арасындағы алғашқы кездесуде англиялық клуб қарсыласынан 1:0 есебімен басым түскен еді.

Айта кетсек, бұдан бұрын Испанияның «Атлетико Мадрид» клубы сол елдің тағы бір өкілі «Барселонаны» (2:0, 1:2), Францияның «Пари Сен-Жермені» Англияның «Ливерпулін» (2:0, 2:0) қапы қалдырып кетті.

Енді жартылай финал ойындары 28-29 сәуір және 5-6 мамырда болады.

Финал 30 мамырда Венгрия астанасы Будапешт қаласындағы «Пушкаш-Арена» стадионында өткізіледі.