Чемпиондар лигасы: «Манчестер Сити» даниялық клубты жеңді
АСТАНА. KAZINFORM – Футболдан UEFA Чемпиондар лигасы 1/8 финалындағы алғашқы екі ойын өткізілді.

13 ақпандағы алғашқы кездесуде «Лейпциг» (Германия) пен «Реал Мадрид» (Испания) ойнады.
Кездесу тағдырын 48-минутта испаниялық командадан Браим Диас соққан жалғыз гол шешті.
Нәтижесінде «Реал Мадрид» қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсті.
Тағы бір кездесуде «Копенгаген» (Дания) өз алаңында «Манчестер Сити» (Англия) командасына 1:3 есебімен жол берді.
Ойынның 10-минутында «Манчестер Сити» сапынан Кевин Де Брёйне есеп ашса, 34-минутта «Копенгаген» футболшысы Магнус Маттссон таразы басын теңестіріп кетті.
Ал англиялық клубтан Бернарду Силва 45, Фил Фоден 92-минутта мергендік танытты.
Ал 14 ақпанда «Лацио» (Италия) мен «Бавария» (Германия), «Пари Сен-Жермен» (Франция) мен «Реал Сосьедад» (Испания) командалары шеберлік байқасады.
Сондай-ақ, 20 ақпанда - «Интер» (Италия) мен «Атлетико Мадрид» (Испания), ПСВ (Нидерланд) мен «Боруссия Дортмунд» (Германия), 21 ақпанда - «Наполи» (Италия) мен «Барселона» (Испания), «Порту» (Португалия) мен «Арсенал» (Англия) ойнайды.