Чемпиондар лигасы: «Сабах» өз алаңында «Барселонадан» ойсырай жеңілді

АСТАНА. KAZINFORM — Футболдан UEFA Чемпиондар лигасы негізгі кезеңі бесінші турындағы «Сабах» (Әзербайжан) - «Барселона» (Испания) кездесуінің нәтижесі белгілі болды. 

«Сабах» футбол клубы
Фото: «Сабах» футбол клубы

Бұл кездесу көптеген елдің жанкүйерлеріне ерекше қызығушылық туғызды. Олардың көкейінде биыл Еуропадағы үздіктер қатарында бақ сынауға алғаш рет мүмкіндік алған әзербайжандық команда тәжірибелі қарсыласына қалай қарсылық көрсете алады деген сауал тұрды.

Сондай-ақ Қазақстан және Өзбекстан жанкүйерлері ойынды тамашалауға Әзербайжан астанасы - Баку қаласына аттанды. Себебі команда сапында қазақстандық Стас Покатилов қақпаны қорғап қана қоймай, капитандық міндетті де абыроймен атқарып жүр. Сондай-ақ өзбекстандық жартылай қорғаушы Умарали Рахмоналиев клубтың жетістікке жетуіне үлес қосып келеді. Сондықтан бүгінгі кездесуді тамашалауға Әзербайжан астанасы – Баку қаласына әлемнің 78 мемлекетінен жанкүйерлер келіп отыр. Олардың қатарында Қазақстан, Өзбекстан және бауырлас түркі елдерінен жиналған азаматтар бар.

Кездесу барысында бірінші кезеңде алаң иелері азулы қарсыласына лайықты тойтарыс беруге тырысты. Испаниялық клубтың толассыз шабуылын қайтаруға күш салды. Десе де ойынның 31-минутында «Барселонаның» англиялық шабуылшысы Энтони Гордон Стас Покатиловтың қорғаған қақпасынан саңылау тауып кетті.

Екінші кезеңнің алғашқы он бес минутында испаниялық клуб қатарынан үш гол салды. Алдымен Энтони Гордон 51-минутта есепті үстемелей түссе, Карим Адейеми 55, Габриэл Жезус 60-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.

Оған «Сабах» сапынан 63-минутта Джой-Лэнс Миккельс бір голмен жауап қайырды.

Осылайша әзербайжандық клуб қарсыласына 1:4 есебімен есе жіберді.

Қазірге дейін олар Англияның «Манчестер Юнайтедіне» 0:4, Германияның «Боруссия Дортмунд» 1:2, Норвегияның «Викингіне» 1:4 есебімен есе жіберсе, Чехияның «Спарта Прага» клубын 2:0 есебімен қапы қалдырды.

Енді олар алдағы кездесуін 8 желтоқсанда сырт алаңда Испанияның «Вльярреал» клубына қарсы өткізеді.

Еске салсақ, «Ұлытау» футбол клубы бас бапкер Нұркен Мазбаевпен келісімшарт мерзімінің аяқталуына байланысты қызметінен кетті.