Чемпиондар лигасы: «Спортинг» — «Қайрат» кездесуі қай телеарнадан көрсетіледі

АСТАНА. KAZINFORM — UEFA Чемпиондар лигасы негізгі кезеңі алғашқы турындағы «Спортинг» (Португалия) пен «Қайрат» кездесуі қай телеарнадан көрсетілетіні белгілі болды.

«Қайрат» футбол клубы
Фото: «Қайрат» футбол клубы

Бұл ойынды Қазақстан уақытымен 00:00–де «Qazaqstan» телеарнасынан тамашалауға болады.

Бас төреші міндеті польшалық Дамиан Сильвестжакқа жүктелген. Оған отандастары Павел Сокольницки мен Адам Карасевич көмек береді. Төртінші төреші де сол елдің өкілі Марцин Коханек.

Алматылық клуб беделді турнирде «Реал Мадрид» (Испания), «Интер» (Италия), «Арсенал» (Англия), «Брюгге» (Бельгия), «Спортинг» (Португалия), «Олимпиакос» (Грекия), «Пафос» (Кипр), «Копенгаген» (Дания) клубтарымен ойнайды.

Еліміздің атынан аталған турнирде алматылық «Қайрат» сынға түсіп жатыр. Қазақстандық команда доп додасында барлығы 8 ойын өткізеді. Оның 4-еуі өз алаңында болса, 4-еуі сырт алаңға жоспарланған.

Негізгі кезеңде барлығы 36 команда сынға түседі. Бірінші тур биыл 16 қыркүйекте басталса, сегізінші тур 2026 жылдың 28 қаңтарында болады. Ал плей-офф 16-18 ақпан, 1/8 финал 10-11 наурыз, ¼ финал 7-8 сәуір, ½ финал 28-29 сәуір, финал 30 мамырға белгіленген.

Алматылық футболшылар аталған турнирдің алғашқы үш іріктеу кезеңінде Словенияның «Олимпия» (1:1, 2:0), Финляндияның КуПС клубтарын (0:2, 3:0), Словакияның «Слован» (1:0, 0:1, пенальтиден 4:3) командасын қапы қалдырып кетті. Ал плей-офф кезеңінде Шотландияның «Селтик» командасын (0:0, 0:0, пенальтиден 3:2) жеңіп, негізгі кезеңге жолдама алған еді.

Соңғы жаңалықтар