Чемпиондар лигасы: «Астана»- «Бенфика» футбол командаларының кездесуі басталды

Бүгінгі матчта, өкінішке орай, «Астана» сапында Жолшиев болмайды. Қарсыластардың қатарында алты бірдей маңызды ойыншы: Сальвио, Луизао, Нелсон Семеду, Фейса, Линделеф, Гайтан алаңға шыға алмайды.
«Бенфика - өте қаһарлы қарсылас. Бірақ біз өз үйіміздеміз және футбол шайқасына құлшынып отырмыз. Біз ұпай еншілеу үшін барлығын істейміз. Ұлттық чемпионатта қиын мачтар өтті. Ойыншылар жақсы ойын өрнегін көрсете алатындарына сенімді. Жанкүйерлердің үлкен қолдауымен біз қарсыластарға жойқын қарсыластық көрсетеміз», - деді «Астана» футбол клубының бапкері Станимир Стоилов матч алдындағы баспасөз мәслиxатында.
Өз кезегінде «Бенфика» бапкері Астанада ойын қиын болатындығын айтуда.
«Жеребеден кейін біз қарсыластардың күшін бағамдадық. Астанада әлі ешкім жеңіске жеткен жоқ. Бұл «Астананың» мықтылығын білдірсе керек. Біз қарсыласты сыйлаймыз, бірақ жеңіске жетуді қалаймыз», - деді Руи Витория.
Еске сала кетейік, бұның алдында «Астана» мен «Бенфика» кездескен болатын. Биыл қыркүйекте Португалияда өткен матчта лиссабондықтар сапындағы Николас Гайтан командасына жеңіс сыйлаған болатын. Бүгінгі матчта аргентиналық шабуылшы ойнай алмайды, себебі соңғы кездесуде ол қызыл қағаз алды.
«Бенфика» С тобында тоғыз ұпаймен көш бастап келеді. «Астана» командасы болса, екі балл жинап, төртінші орынға жайғасқан.