Чемпиондар лигасы: Патрик Твумаси «Астана» командасын алға шығарды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорданың «Астана Арена» стадионында Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңіндегі «Астана» - «Спартак» арасындағы қарымта кездесу өтуде. Алғашқы 45 минуттық кездесу тең өткенімен ойынның келесі кезеңінде 23 нөмірлі Патрик Твумаси қарсыластардың қақпасына гол соғып, астаналықтарды алға шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Чемпиондар лигасы: Патрик Твумаси «Астана» командасын алға шығарды

Қазақ елінің төрінде өтіп жатқан теңбіл доп додасының бас қазысы - грекиялық Хараламбос Калогеропулос. Айта кетерлігі бұл футбол маманы Еурокубок кездесулерінде 2015 жылдан бері қазылық етіп келе жатыр. Ал Хараламбос Калогеропулостың көмекшілері - Трифон Петропулос пен Александрос Гревинис. Қосымша төреші қызметінде - Праксителис Захариадис.

Естеріңізде болса, екі команда арасындағы алғашқы кездесуде «Астана» командасы қарсыластарының қақпасына бір гол соғып жеңіске жеткен болатын.

Айта кетерлігі, бұл кезеңде жеңіске жетіп, үшінші іріктеу сатысына өткен команда польшалық «Легия» мен финляндиялық «Мариехамн» арасындағы кездесудің жеңімпазымен жасыл алаңда кездесетін болады. Бұл екі команда ертең өзара бақ сынайды.

Дегенмен, қазірдің өзінде польшалық бұқаралық ақпарат құралдары Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінде «Астана» мен «Легия» командасының кездесетіндігін айтуда. Өйткені, польшалықтар қарсыластарын 3-0 есебімен жеңіп кеткен еді.

Дәл қазіргі уақытта «Астана арена» стадионында өтіп жатқан кездесуді 20500 көрермен тамашалауда.