Чэн Гопин: Астана - Қазақстанның гауһары және Орталық Азияның кереметі
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - ҚХР терроризммен күрес және қауіпсіздік мәселелері бойынша мемлекеттік комиссары Чэн Гопин қазақстандықтарды Астана күнімен құттықтады.
«Қазақстан халқын Астана күнімен құттықтаймын. Бұл күні Қазақстан республикасының ұлы көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев дүниеге келді. Оның жетекшілігімен халықаралық аренада Қазақстан Орталық Азияның тұрақты, абыройлы, әлеуетті еліне айналды. Астана Қазақстанның жас астанасы екеніне қарамастан, жылдан-жылға Қазақстанның гауһарына, тіпті Орталық Азияның теңдессіз кереметіне айналуда», - деді ол қазақстандық журналистермен сұқбат кезінде.
Чэн Гопин бірнеше жыл Қазақстандағы ҚХР елшісі қызметінде жүріп, Астананың өсіп-дамуына куә болған.
«Бүгінде Астана - Қазақстан дамуының айнасы. Мен Н.Назарбаевтың көреген жетекшілігіндегі мемлекеттеріңізге толағай табыс тілеймін. Астананың келесі жылы ЭКСПО көрмесі сынды жауапты қызмет атқаратынын ерекше атап өткім келеді. Оның салтанатты ашылу шарасына ҚХР төрағасы Си Цзиньпинді шақырады деген сенімдемін. Тағы да қазақстандықтарды қала күнімен құттықтаймын, Қазақстан халқына бақыт пен денсаулық тілеймін», деді Чэн Гопин.
Еске сала кетсек, түрлі жылдары Чэн Гопин Ресей мен Грузиядағы Қытай дипломатиялық өкілдіктерінде, ҚХР СІМ Еуропа және Орталық Азия елдері департаментінің басшысы, Қытай сыртқы істер министрінің орынбасары болды. 2008-2009 жылдары Қазақстандағы ҚХР елшілігін басқарды.