Черногория Президенті Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде болды
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстанға ресми сапары аясында Черногория Президенті Яков Милатович жұбайы Милена Милатовичпен бірге Қазақстан Республикасының Ұлттық музейін аралады, деп хабарлайды ҚР мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.
Экскурсия барысында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қонақтарға музейді таныстырды.
Мәртебелі меймандарға Ұлттық музей экспозициялары көрсетілді. Олардың қатарында түркі халықтарының материалдық және рухани мұрасын танытатын Ұлы дала тас мүсіндері залы, бірегей археологиялық жәдігерлер сақталған Алтын залы және Есік қорғанынан табылған әлемге әйгілі «Алтын адам» экспозициясы бар.
Сондай-ақ қонақтарға ежелгі көшпелілердің дүниетанымы мен жерлеу дәстүрлерінен сыр шертетін көрнекті жерлеу кешендерінің реконструкциялары таныстырылды. Солардың бірі – салтанатты әбзелдермен безендірілген жылқыларымен ерекшеленетін Берел қорғаны.
Экскурсия соңында Яков Милатович музейдің Құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кеше, Тәуелсіздік сарайында Черногория Президентін қарсы алды.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев пен Яков Милатович бірлескен мәлімдеме жасады.