Черногория президенті Қазақстанға Air Astana рейсімен ұшып келді

АСТАНА. KAZINFORM — Черногория президенті Яков Милатович Қазақстандағы ресми сапарына Air Astana ұлттық әуе тасымалдаушы рейсімен келді.

Air Astana бас атқарушы директоры қызметіне неліктен Ибрахим Жанлыел тағайындалады
Фото: Air Astana

— Мен бүгін Air Astana рейсімен ұшып келдім. Бұл арқылы біздің екі елге де Air Astana Қазақстанның ұлттық әуе компаниясы екенін және Черногорияны Астана мен Алматы қалаларымен тікелей байланыстыратынын айтқым келді. Соңғы жылдары Қазақстан азаматтарының Черногорияға келуге қызығушылығы артқанын байқап отырмыз, — деді Яков Милатович Қазақстан Президентімен кеңейтілген форматтағы кездесуде.

Сондай-ақ Я. Милатович Қазақстан — Черногория визасыз режимді сақтап отырған санаулы елдердің бірі екенін атап өтті.

— Қазақстанға деген берік ұстанымымызды көрсету үшін айта кетейін: Қазақстан — біз визасыз режимді әлі де сақтап отырған өте аз елдердің бірі. Бұл режим Еуропалық одақтың визалық жүйесімен толық үйлестірілмеген. Біз қазір Еуропа Одағына мүше болу үдерісінің соңғы кезеңіндеміз. 2028 жылы Одақтың толық мүшесі боламыз деп үміттенеміз. Бұл Черногория мен Қазақстан арасындағы серіктестікті нығайтатын тағы бір алаң болмақ, — деді Черногория президенті.

Айта кетейік, 18-20 маусым күндері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Черногория Президенті Яков Милатович Қазақстанға ресми сапарлайтынын жазған едік. 

Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Черногория Президенті Яков Милатовичті қарсы алды.

Тараптар жоғары деңгейде келіссөздер жүргізіп, саяси диалогты нығайту, сондай-ақ сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық перспективасын талқылайды. 

Еске салсақ, бұған дейін Черногория Қазақстан азаматтары үшін уақытша визасыз режим енгізді