Chevrolet Hyundai-ді қуып жетті: қазақстандықтар қандай көліктерді жиі сатып алады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның автокөлік нарығында бәсеке күшейіп, бұрынғы көшбасшылардың позициясы өзгере бастады. Hyundai сатылым бойынша әлі де бірінші орында тұрғанмен, Chevrolet онымен арадағы айырмашылықты 251 көлікке дейін қысқартты. Ал қытайлық Changan бір жылда сатылымын 92,6% арттырып, үздік үштікке жақындай түсті. 10 айдың көрсеткіштері қазақстандықтардың көлік таңдауында қандай өзгерістер болып жатқанын аңғартады.
Chevrolet Hyundai-ді қуып жетті
Қазақстан Автокөлік одағының баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, Қазақстандағы ресми дилерлер биылғы қазан айында 21 912 жаңа автокөлік сатқан. Бұл жыл басынан бергі ең жоғары айлық көрсеткіш. Былтырғы қазанмен салыстырғанда сатылым 8,5%, ал биылғы қыркүйекпен салыстырғанда 13,1% артқан.
Қазан айының қорытындысы бойынша Chevrolet 4 174 көлік сатып, брендтер рейтингінде бірінші орынға шықты. Бір жылда оның сатылымы 49% өскен. Екінші орында 3 200 көлік сатқан Hyundai тұр. Алайда кореялық брендтің сатылымы өткен жылдың қазанымен салыстырғанда 24,4% төмендеген. Үшінші орынға 2 350 көлік сатқан Kia жайғасты. Одан кейін Changan (1 923) мен Chery (1 656) келеді.
Брендтер арасындағы бәсеке бір айлық көрсеткішпен ғана шектелмейді. Қаңтар-қазан қорытындысы бойынша Hyundai әлі де бірінші орында болғанмен, Chevrolet оны қуып жетуге жақын. Он айда Hyundai 30 697 көлік сатса, Chevrolet көрсеткіші 30 446 данаға жеткен. Екі брендтің арасындағы айырмашылық небәрі 251 көлік. Бір жыл бұрынғы көрсеткіштермен салыстырғанда олардың жағдайы қарама-қарсы бағытта өзгерген: Hyundai сатылымы 22,9% төмендесе, Chevrolet 18,4% өсім көрсеткен.
Changan сатылымын екі есе көбейтті
Қытай брендтерінің арасында Changan ерекше қарқынмен өсіп келеді. Он айда 17 568 көлік сатып, сатылымын былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 92,6% арттырған. Осы нәтижемен ол жалпы брендтер рейтингінде төртінші орынға көтерілді. Chery 13 650 көлікпен бесінші, Haval 10 898 көлікпен алтыншы орында тұр. Jetour 9 561, JAC 7 266, Geely 5 871 көлік сатқан.
Қытайлық брендтердің бәрі бірдей өсім көрсетіп отырған жоқ. Changan, Chery және Haval сатылымын арттырса, Jetour көрсеткіші 18,2%, Geely сатылымы 28,3% төмендеген. Соған қарамастан, рейтингтегі Changan, Chery, Haval, Jetour, JAC және Geely маркаларының жиынтық сатылымы 64 814 көлікке жетті. Бұл он айдағы жалпы сатылымның шамамен 34,5%-ы, яғни қытайлық алты брендтің өзі нарықтың үштен бірінен астамын иеленіп отыр.
Mufasa Tucson-ның алдына шықты
Hyundai брендінің ішінде де модельдер арасындағы бәсеке күшейген. Нақты айтсақ, екі танымал модель арасында тартыс жүріп жатыр. Қазанда Hyundai Mufasa 1 446 данамен сатылып, Tucson-ды ығыстырды. Tucson-ның айлық нәтижесі — 864 көлік, яғни Mufasa бір айда Tucson-нан 67,4% көп сатылған.
Toyota-ның саудасы бәсеңдей түсті
Жалпы, Қазақстанның жаңа автокөлік нарығы биылғы он айда 3,3% өсті. Осы кезеңде ресми дилерлер 187 698 жеңіл және коммерциялық көлік сатқан. Алайда нарықтың жалпы өсімі брендтер арасында біркелкі бөлінбеген. Hyundai, Jetour, Geely және Toyota сатылымы төмендесе, Chevrolet, Changan, Chery мен Haval көрсеткіштерін жақсартқан.
Қазақстанда құрастырылатын көліктердің көлемі өсіп, импортпен арадағы айырмашылық қысқарып келеді. Оның ішінде қытайлық брендтердің бір бөлігі Қазақстанда құрастырылып жатыр.
Ресми статистикаға сенсек, 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында Қазақстанда 117 170 жеңіл автокөлік өқұрастырылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 34,2% көп. Ал осы сегіз айда елге 116 230 жеңіл автомобиль импортталған. Импорт көлемі бір жылда 26,9% азайған. Сөйтіп, отандық өндіріс импорттан 940 көлікке асып түсті.
Бұл екі көрсеткіштің арақатынасы да өзгергенін көрсетеді. Сегіз айдағы өндіріс пен импорттың жиынтық көлемінде Қазақстанда құрастырылған көліктердің үлесі шамамен 50,2%, импорттың үлесі 49,8% болды. Бұл есепте экспорт пен қоймадағы қалдықтарды ескерілмегенін ескеру керек.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2026 жылғы қаңтар-қыркүйекте Қазақстанда 136 548 жеңіл автокөлік шығарылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 38% артық. Елде 12 кәсіпорын автомобиль өндірумен айналысады. Өндірістің 50,5%-ы Қостанай облысына, 49,5%-ы Алматы қаласына тиесілі.
Қызығы, отандық өндірісте де қытайлық брендтердің үлесі артып келеді. Қазақстан Автокөлік одағының мәліметінше, тоғыз айда Changan-ның 15 148, Chery-дің 12 593, Haval-дың 10 955 көлігі құрастырылған. Үшеуінің жиынтық өндірісі 38 696 автокөлікке жеткен.
Салыстыру үшін, осы кезеңде Chevrolet-тің 29 555, Hyundai-дің 27 275 көлігі өндірілген, яғни Changan, Chery және Haval-дың Қазақстандағы зауыттарда құрастырылған көліктерінің жиынтық көлемі Chevrolet немесе Hyundai-дің жеке өндірісінен жоғары.
Ал импорт құрылымында Қытайдың үлесі басым. 2026 жылғы қаңтар-шілдеде Қазақстанға 153 619 жеңіл автомобиль әкелінген. Оның 120 142-сі Қытайдан жеткізілген. Бұл жалпы импорттың шамамен 78%-ы. Қытайдан әкелінген көліктердің құны 489,1 млн доллар болған.
Баға бәсекесі
Автокөлік нарығындағы бәсекенің күшеюі бағаға да әсер етіп отыр. Kolesa.kz порталының зерттеуі бойынша, 2026 жылдың тоғыз айында Changan CS55 Plus моделінің орташа бағасы 12,62 млн теңгеден 10,28 млн теңгеге дейін төмендеген. Бұл — 18,5% немесе шамамен 2,34 млн теңге. Haval M6 бағасы 18,57%, Haval Jolion 10,92% арзандаған.
Ал Kia Sportage 23,65%, Hyundai Mufasa 7,68%, Chevrolet Cobalt 9,24% арзандаған. Hyundai Tucson бағасы іс жүзінде өзгеріссіз қалған. Hyundai Mufasa-ның қазан айында алға шығуына осы да әсер етсе керек.
Ал Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қазан айында Қазақстанда құрастырылған жеңіл автомобильдердің бағасы бір жылда 17,3% төмендеген. Ішкі істер министрлігінің көлік құралдарын тіркеу деректері негізделген ресми есепке сенсек (Ұлттық статитсика бюросы), Қазақстан көлік паркінің негізгі бөлігін, әлі де болса, ескі машиналар алып тұр. Елдегі жеңіл автомобильдердің 42,2%-ы 20 жылдан астам мінілген.