Chevron қазақстандық мұнайды Азияға Қызыл теңізді айналып өтіп жөнелтеді - БАҚ
АСТАНА. KAZINFORM – Chevron компаниясы қазақстандық CPC Blend мұнайын Азияға йемендік хуситтердің шабуылына жол бермеу үшін Қызыл теңіз арқылы емес, Қайырлы үміт мүйісі арқылы Африканы айналып өтіп жөнелтеді, деп хабарлайды Reuters.
Көптеген компаниялар хуситтердің теңіз кемелеріне шабуылы күшейген сайын Еуропа мен Азия арасындағы ең қысқа теңіз жолы – Қызыл теңіз мен Суэц каналынан айналып өтіп, бағыттарын өзгертіп жүр.
Қызыл теңіздегі шабуылдар мен тасымалдау шығындары CPC Blend-тің Азияға жеткізілімін шектейтін көрінеді.
CPC Blend мұнайы Южная Озереевка кентіндегі (Новороссийск қаласы) терминалға дейін тасымалданып, онда әлемдік нарыққа жөнелту үшін танкерлерге тиеледі. Азияға әдеттегі бағдар Қара теңізден Жерорта теңізіне, одан кейін Суэц каналы арқылы оңтүстікке өтеді.
Жерорта теңізі арқылы батысқа, содан кейін Африканы айналып оңтүстікке қарай жүретін жаңа бағыт шығындар және жеткізу уақытын арттырып отыр.
CPC Blend мұнайының басым бөлігі Қазақстаннан, бір бөлігі ресейлік компаниялардан келеді. Дереккөздер мен LSEG деректеріне сәйкес, ресейлік CPC Blend мұнайы Қызыл теңіз арқылы тасымалданып отыр.
Қазақстандық CPC Blend мұнайының ірі экспорттаушысы «Теңізшевройл» нақты кемелерге қатысты түсініктеме беруден бас тартты.
«Chevron Қызыл теңіз мен Таяу Шығыстағы бағыттардың қауіпсіздігін белсенді түрде бағалауын жалғастырып, соңғы оқиғаларды негізге алып шешім қабылдайды», - деді компаниядан.