Чейнидің пікірінше, Обаманың саясаты жаңа лаңкестіктерге әкеледі
ВАШИНГТОН. Наурыздың 16-сы. ҚазАқпарат - Құрама Штаттардың бұрынғы вице-президенті Дик Чейни, Барак Обама әкімшілігінің қауіпсіздік саласындағы саясаты америка азаматтарына қарсы бағытталған жаңа лаңкестіктердің тәуекелдерін арттырып отыр,
деп санайды. Джордж Буштың тұсында вице-президент болған Чейни CNN телекомпаниясына берген сұхбатында, 2001 жылғы қыркүйектің 11-інен кейінгі оқиғалардан кейін лаңкестікке қатысы бар деген күдіктілерден жауап алудың қатал әдістері жаңа шабуылдарды болдырмау үшін «өте қажетті болғанын» мәлім етті. Ал Обаманың әкімшілігі жұртшылық азаптау деп деп атайтын жауап алудың жоғарыдағыдай әдістерін бас тартатынын жария етті. АҚШ-тың жаңа президенті сондай-ақ лаңкестік әрекеттерге қатысы бар деп күдік келтірілген шетелдіктер ұсталатын Гуантанамо базасындағы түрмені жабуға бұйрық беріп отыр.