Чили Қазақстанды әлем қауымдастығында ерекше орынға ие әрі бәсекеге қабілетті ел ретінде таниды - Э. Муньос
АСТАНА. ҚазАқпарат - Республикасының Бразилия Федеративтік Республикасындағы Елшісі және Аргентина Республикасы мен Чили Республикасында қоса атқарушы Елші Бақытжан Ордабаев Чили Сыртқы істер министрі Эральдо Муньоспен Сантьяго қаласында кездесті.
Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметінен хабарлады.
Б. Ордабаев Э. Муньості Қазақстанның қазіргі әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси жағдайымен, Қазақстан Республикасы Президенті Н. Назарбаевтың «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» жолдауының негізгі қағидаларымен таныстырып, 26 сәуірде Қазақстанда өтетін кезектен тыс президенттік сайлауы секілді маңызды ішкі саяси шаралар туралы хабардар етті.
«Күрделі кезеңде елдің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуді көздеген бұл құжаттың өзектілігі мен уақтылығы айқын. Чили Қазақстанды әлем қауымдастығында ерекше орынға ие қазіргі заманға сай әрі бәсекеге қабілетті ел ретінде таниды»,- деді Э. Муньос.
Тараптар сонымен қатар, екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады. ҚР сыртқы саясатының басым бағыттары, соның ішінде 2017-2018 жж. БҰҰ ҚК тұрақты емес мүшесі болуына Қазақстан кандидатурасын қолдау мәселесі көтерілді. Э. Муньос Чилидің Қазақстанмен белсенді ынтымақтасуға ниетін білдіріп, әріптесі Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Е. Ыдырысовқа ізгі тілектерін жолдады.
Қазақстандық дипломат Чили министрін Қазақстанда биыл жоспарланған Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы, ҚР Конституциясының 20 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы, Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының V Съезі секілді өзге маңызды шаралар туралы хабардар етті.