Чили шахтерлерін құтқару 20 миллион долларға түсті
АСТАНА. Қазанның 14-і. ҚазАқпарат - Апатқа ұшыраған чилилік 33 шахтерді құтқару жөніндегі жұмыстар алдын ала есептелген мәліметтер бойынша 10-нан 20 миллион долларға дейін шығынды құрап отыр,
деп жазады Вести. Ру.
Чили Президенті Себастьян Пиньера құтқару жұмыстары аяқталғанан кейін "әрбір песоның құны бар еді және ол бұл жолы өте дұрыс жұмсалды", - деп атап көрсетті. Сондай-ақ, ол осы жұмсалған қаражаттың үштен бірі жекеменшік компаниялардан ерікті түрде жиналған қаржысы екенін де тілге тиек етті. Қалған қаражат Чили үкіметі мен Ұлттық мыс корпорациясының есебінен жабылып отыр.
Чили Президенті 700 метр жер астында 70 тәулік шахтаның тар қапасында отырған 33 кеншінің ерліктерін де таңдана әңгімеледі. Оның айтуынша, бұл адамзат тарихындағы ел азаматтарының бірлігін, жолдастығын, адамгершілігін және сенім мен үмітін білдіретін ең үздік мысал бола алады.