Чили жағалауында болған күшті жер сілкінісінен екі елдің тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіру жарияланды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Күші 8 балдық жер сілкінісі сәрсенбіге қараған түні Чилидің Тынық мұхиты жағалауында болды. Цунами болуы мүмкін деген қауіп Оңтүстік Американың бүкіл Тынық мұхиты жағалауында жарияланды, деп хабарлады РИА Новости.
Бұл туралы АҚШ-тың геологиялық қызметінің сайты хабарлаған.
Жер асты дүмпуі жергілікті уақыт бойынша сейсенбі күні 18:46 кезінде тіркелген. Оның ошағы Тынық мұхитында Чилидің Икике қаласынан солтүстік-батысқа қарай 83 шақырым жерде орналасқан. Қалада 220 мыңнан астам тұрғын бар. Жер сілкінісінің ошағы 10 шақырым тереңдікте орналасқан.
Оңтүстік Американың жағалауындағы цунами Чили мен Перуге қауіп төндіріп отыр.
Чили мен Перу билігі елдердің жағалауға жақын аудандарының бірқатарынан халықты көшіру керектігін жариялады.
Жер сілкінісі салдарынан қаза болғандар мен қирандылар жайлы хабар жоқ.
2010 жылы ақпан айының соңында Чилиде тербелісі 8,8 жер сілкінісі салдарынан болған цунамиден 500-ден астам адам мерт болды.
Чили арқылы Тынық мұхитының ұзындығы 40 мың шақырым болатын вулкандар мен тектоникалық жарылымдары өтеді. Ол Тынық мұхитты белдеу арқылы Оңтүстік және Солтүстік Америка жағалауларынан Алясканың оңтүстік бөлігіне дейін, одан әрі Жапония, Филиппин және Индонезияға қарай бұрылып, Жаңа Зеландия, Жаңа Гвинея мен оңтүстік-батыс Океания аймағында аяқталады. Жер шарындағы жер сілкіністерінің 90 пайызы осында болады.