Чилиде 3000 адам 120 сағат бойы футбол ойнайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Чилиде ең ұзақ футбол ойыны бойынша рекорд жасалуы мүмкін. Ол үшін ел астанасындағы «Флорида» стадионына 3 мыңдай адам жиылған. Арасында кәсіпқой спортшылармен қатар әуесқой ойыншылар да бар, деп хабарлайды 24.kz.
Жоспар бойынша олар 120 сағат бойы тынымсыз доп тебуі тиіс. Әрбір қатысушының алаңда кем дегенде бір сағат ойнауы шарт. Жалпы, бұған дейін ең ұзақ футбол кездесуін шотландиялықтар өткізген еді. Олар 105 сағат бойы үзіліссіз доп теуіп, өткен жылы Гиннесс рекордтар кітабына енген болатын.
«Бұл керемет идея емес пе? Әуесқой ойыншыларға кәсіпқой футболшылармен бір алаңда ойнауға мүмкіндік туып отыр. Кездесуді соңына дейін жеткіземіз деген үмітіміз бар», - дейді Чили футбол құрамасының қақпашысы Кристофер Тоселли.
Ал жергілікті тұрғындардың бірі Альваро Валенсуэло: «Біз үшін бұл үлкен тәжірибе болғалы тұр. Болашақта осындай бастамалар көп болса екен», - дейді.