12:01, 13 Қыркүйек 2010 | GMT +5
Чилиде жер астында қалып қойған кеншілерге жарық тартылды
АСТАНА. Қыркүйектің 13-і. ҚазАқпарат - Чилиде тамыз айынан бері жер астында, шахтада жабылып қалған 33 кеншіге жарық тартылды. Бұған дейін құтқарушылар апатты шахтадағы желдеткіш жүйесін толық қайта қалпына келтірген еді. Содан кейін кеншілерге темекі тартуға рұқсат берілді, деп хабарлайды «Маяк» радиосы.
Естеріңізге сала кетейік, тамыздың 5-інде тау жынысы опырылып, 17 күн бойы кеншілердің тағдыры белгісіз болып келген еді. Жер астында қалып қойған кеншілермен тамыздың 22-сінде ғана байланыс орнатылып, құтқарушылар бұрғылаған тесік арқылы оларға су, азық-түлік, дәрі-дәрмек жеткізілген болатын. Кеншілердің жағдайын дәрігерлер мен психологтар сырттан қағадалап отыр.
Кеншілерді жер бетіне шығару үшін құтқарушылар тереңдігі 700 метрлік, ені 66 сантиметрлік ұңғы қазулары керек. Мамандардың бағалауынша, тоннелді қазуға бірнеше ай уақыт кетеді.