Чилиде жер сілкінісіне байланысты бір миллион адам көшірілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Чилидің Тынық мұхит жағалауындағы күшті жер сілкінісі мен цунамиге байланысты көшірілген адамдардың жалпы саны бір миллион адамға жетті. Бұл туралы кеше кеште ел ішкі істер министрі Родриго Пеньяилильо мәлім етті, деп хабарлады ресейлік «Жаңалықтар» агенттігі жергілікті БАҚ-қа сілтеме жасап.

Чилиде жер сілкінісіне байланысты бір миллион адам  көшірілді

«Сейсенбі күні кеште цунами жөніндегі қауіп дабылы берілгеннен кейін көшірілгендер саны бір миллион адамды құрады», - деген министрдің мәлімдемесін келтірген БАҚ. Чили көшбасшысы Мишель Бачелет жер сілкінісінен зардап шеккен Арика қаласында болғанын хабарлады. Оның айтуынша, бейсенбі күні Арика-және-Паринакот және Тарапака өңірлерінде мектептерде сабақтар тоқтатылды.

Төтенше жағдайлар жөніндегі ұлттық басқарманың мәліметтері бойынша, зардап шеккен өңірлерде электр желісі 90 пайызға, сумен қамтамасыз ету - 67 пайызға қалпына келтірілген. Тарапака өңірінде 38 мың үй шаруашылығы жарықсыз қалып отыр. Икике қаласы маңындағы Альто-Осписьо елді мекенінде шамамен екі мың тұрғын үйге залал келген.

Чили ведомстволары жалпы шығын көлемін есептеумен айналысуда.

Сейсенбі күні кеште болған тербелісі 8,2 баллдық қуатты жер сілкінісінің кіндігі Тынық мұхитта Чилидің Икике қаласынан солтүстік-батысқа қарай 83 шақырым жерде болды. Жер сілкінісінің ошағы 20 шақырым тереңдікте болған. Икике ауданы жағалауында биіктігі 2 метр 11 сантиметрге жеткен цунами тіркелді. Биіктігі жарты метрге жуық толқындар Перуде де болды.