Чилидегі зілзала кезінде жапа шеккен қазақстандықтар туралы ақпарат түскен жоқ - ҚР СІМ

АСТАНА. Наурыздың 1-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Чилидегі зілзала кезінде жапа шеккен қазақстандықтар туралы ақпарат әзірше түскен жоқ.
None
None

Бұл туралы бүгін брифингте ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Әбдірахманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Дегенмен, үзілді-кесілді айтуға болмайды. А. Әбдірахмановтың сөзіне қарағанда, Чилидегі жер сілкінісінен мерт болғандар мен жарақаттанғандар туралы мардымды ақпарат алу қиын болып отыр. Бұның алдында хабарлағанымыздай, зілзаладан зардап шеккен кейбір аудандарда жарық, телефон байланысы жоқ, ауызсу жетіспеушілігі байқалуда. Жер сілкінісі салдарынан Сантьягоның халықаралық әуежайы жабылды, рейстердің бәрі тоқтатылды.

Ресми деректер бойынша, зілзала құрбандары 700-ге жетті.

Естеріңізге сала кетейік, Чилиде өткен аптада күші Рихтер бағамы бойынша 8,5 баллдық зілзала болды. АҚШ-тың Ұлттық геологиялық қызметінің хабарлауынша, зілзаланың кіндігі Консепсьон қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 91 шақырым қашықтықта және Сантьяго қаласынан 339 шақырым жерде болған. Зілзала ошағы 55 шақырымдық тереңдікте орын алған.

Соңғы жаңалықтар