Chrysler оталдыру жүйесіндегі ақауға байланысты 800 мыңға жуық Jeep-ті кері қайтарып алады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Америкалық автоконцерн «Chrysler Group» 792 300 көлікті кері қайтарады. Нақтырақ айтқанда, «Jeep» маркалы автокөліктерінен ақау шыққан. Аталған компанияда мұндай оқиға биыл осымен үшінші рет қайталанып отыр, деп хабарлады РБК.
Бұл жолы 2006-2007 жылы шыққан «Jeep Commander» мен 2005-2007 жылғы «Jeep Grand Cherokee» моделіндегі көліктер зауытқа кері қайтарылады. Оның негізгі себебі, көлікті оталдыру жүйесінде. Компания басшыларының айтуынша, бұл кемшіліктің кесірінен көлік жүріп келе жатып өшіп қалуы мүмкін. Тексеру нәтижесі бойынша, дәл осы кемшіліктен ірі жол көлік апаты болмаған.
Бір көлік апаты болған, одан зардап шеккендер жоқ. Автоконцерн кері шақыртқан барлық көліктерге тегін қызмет көрсетеді.