Чжан Дэгуан: Н.Назарбаевты адам ретінде де, ұлы басшы ретінде де құрметтеймін

БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - ҚР Тұңғыш Президенті күні мерекесі қарсаңында Қытайдың Қазақстандағы алғашқы Елшісі, ҚХР Сыртқы істер министрінің бұрынғы орынбасары, ШЫҰ бұрынғы атқарушы хатшысы, Қытай халықаралық зерттеулер қорының құрметті төрағасы Чжан Дэгуан «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне Қазақстан көшбасшысына қатысты пікірін білдірді.
None
None

«Мен Нұрсұлтан Назарбаевты бұрыннан, 20 жылдан аса уақыттан бері танимын. Қазақстан Тәуелсіз ел болғаннан кейін мен алғашқы Қытай Елшісі ретінде Алматыға арнайы келіп, Президентпен таныстым. Кейінірек ҚХР Сыртқы істер министрінің орынбасары, ШЫҰ атқарушы хатшысы болып тұрған кезімде де Н.Назарбаевпен көп рет кездестім. Ол кісі маған бағыт-бағдар сілтеп, екі ел ықпалдастығын ілгерілету бағытында атқарған жұмыстарыма оң баға беріп, жылы сөздерін айтатын», - деді ол.

Дипломат Қазақстандағы қызметін аяқтағаннан 10 жылдан кейін Мәскеуде жүрген кезін де еске алды.

«Мені Президент Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша іздеп тауып, 1-дәрежелі Достық орденімен марапаттады. Бұл менің жүрегімді елжіретіп жіберді. Мен сіздердің Мемлекет басшыларыңызды адам ретінде де, ұлы басшы ретінде де құрметтеймін. Мен елді әлемдік аренада сыйлы әрі қуатты мемлекетке айналдыра білген көреген Көшбасшысы бар қазақстандықтарды бақытты халық деп ойлаймын», - деп атап өтті ол.

Чжан Дэгуан 1965-1973 жылдары КСРО-дағы ҚХР елшілігінде қызмет атқарған, ал 1987-1992 жылдары Қытайдың АҚШ-тағы дипломатиялық өкілі болған.

1992 жылдың сәуірінен 1993 жылдың тамызына дейін Чжан Дэгуан Қазақстандағы өз елінің елшілігін, 1993-1995 жылдары ҚХР СІМ-нің Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдері департаментін басқарды. 1995-2001 жылдары ҚХР сыртқы істер министрінің орынбасары, 2001-2003 жылдары Қытайдың Ресейдегі Елшісі, 2004-2006 жылдары ШЫҰ атқарушы хатшысы болған.

Соңғы жаңалықтар