Цифрландыру: Әлемде мамандықтардың 30% жуығы қысқарады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілісте өткен парламенттік тыңдау барысында палата төрағасы Нұрлан Нығматулин автоматтандыру нәтижесінде мамандықтардың қысқаруынан туындайтын мәселелерді берілесіп шешуге шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Төртінші өнеркәсіптік революция нәтижесінде жұмыс орындарының босатылуы тағы бір маңызды бағыт болып отыр. Осыған орай, автоматтандыру және цифрландыру кезінде әлемде кейбір кәсіптердің 30 пайызға жуығы қысқаруы мүмкін деген болжам бар. Бұл жолда еңбек ресурстарын басқару жүйесін қалыптастыру маңызды болып табылады. Осы жолда мемлекеттік органдар, азаматтық қоғам, үкіметтік емес ұйымдар, кәсіпкерлер бірлесе жұмыс істеуіміз қажет. Себебі азаматтарымыздың өмір сапасын жақсарту - баршамыздың ортақ мақсатымыз», - деді Мәжіліс төрағасы жұмыспен қамту мәселелеріне арналған парламенттік тыңдауда.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Нұрлан Нығматулин елімізде еңбекпен қамту саласында атқарылған жұмыстардың нәтижесі туралы айтты.
Сонымен қатар ол университет түлектеріне жұмыс табу неліктен қиын екенін түсіндірді.