Цифрландыру: Қостанай және Челябі облыстары әріптестік орнатты
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысының әкімдігі Ресейдің Челябі облысына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз хатшысы Жігер Сәрсенге сілтеме жасап.
Петропавл қаласында Қазақстан мен Ресей шекаралық ынтымақтастық форумы өтетінін хабарлағанбыз. 
Осы форум аясында Қостанай облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев бастаған делегация Челябі облысына жұмыс сапарымен барды. Мұндағы мақсат - ресейлік студенттерге Қостанай облысындағы жобалық басқарудың іске асу барысын таныстыру.
«Мейіржан Мырзалиев алдымен Челябі мемлекеттік университетінің студенттеріне индустрияландырудың базалық бағыттарын, шағын және орта бизнестің дамуы туралы шеберлік сағатын өткізді. Әкім орынбасары облыстағы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының жобаларын көрсетті. Әсіресе, студенттер жер алқаптарын цифрландыру, сүт және ет фермалары, әлеуметтік салалардағы сандық жүйелерді енгізу жұмыстарына қызығушылық танытты», - деді Жігер Сәрсен агенттік тілшісіне. 
Бұл жиында Қостанай облыс кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Иса Құдабеков пен «Тобыл» ӘҚК» АҚ төрағасының кеңесшісі Александр Цой инвестицияның дамуы туралы мәлімет берді.
Университет студенттерімен кездесуде мемлекеттік және муниципалды басқару, персоналды басқару, менеджмент , экономика тақырыптары сөз болды. Заманауи талаптарға сәйкес, мемлекеттік жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыру үшін мемлекет тарапынан бөлінетін қаражатты тиімді пайдаланудың өзекті. Сондай-ақ, алдағы уақытта жобалық басқару тәсілі мемлекеттік басқару жүйесіне түбегейлі өзгерістер енгізуі мүмкін, бұған қоса ол ірі инвестициялық жобаларды ұтымды басқаруға мүмкіндік беретін даму құралдарының біріне айналуы тиіс. Қостанайлық тарап осы мәселеге ерекше тоқталды.
Жастар қазақстандық меймандармен ашық диалог өткізді. Айта кетейік, шеберлік сағаттарына 500-ден астам студент қатысты.
Өз кезегінде Қостанай облысының әкімдігі Челябі университетін «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында әріптестік орнатуға шақырды.