Цифрлық даму министрлігін құрдық деп өз-өзімізді алдарқатуға болмайды - Президент
АСТАНА. ҚазАқпарат – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Digital Bridge 2022 технологиялық форумында цифрлық технологияларды дамыту мемлекет үшін несімен маңызды екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біз цифрландыруды дамыту жөніндегі арнайы ұлттық жоба қабылдап, жеке Цифрлық даму министрлігін құрдық. Бірақ өз-өзімізді алдарқатуға негіз жоқ, әрине. Біздің алдымызда Қазақстанды әрі қарай цифрлық тұрғыда дамытудың маңызды міндеті тұр. Бүгін соның басым бағыттарына тоқталғым келеді», - деген Президент «Индустрия 4.0» стандартын цирфлық технологияларсыз елестету мүмкін еместігін жеткізді.
«Біріншісі – адамға бағдарлану. Цифрлық технологиялар мемлекетке бірінші кезекте экономиканың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін, тауарлар мен қызметтердің жаңа түрін игеруге, «финтек» технологиясы мен «Индустрия 4.0» стандартын енгізу үшін қажет», - деді Мемлекет басшысы.
Фото: t.me/bort_01