Цифрлық даму вице-министрі Ashyq қосымшасындағы ақаулар үшін кешірім сұрады
«Соңғы күндері «Ashyq» қосымшасында болған ақаулар мен техникалық проблемаларға қатысты келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұрағым келеді. Бұған дейін айтқанымдай, мемлекет «Ashyq» жүйесін өз қарамағына алды, жуырда бұл жүйені «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ операторына бейімдеу жұмыстары жүргізілді», - деді Әсет Тұрысов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Спикер «Ashyq» жүйесін әкімшілендіруді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ мамандары жүргізетінін еске салды.
«Енді техникалық мәселелерді біздің ұлттық оператор қадағалайтын болады. Ондағы барлық мамандар жоғары санаттағы, менің ойымша, олар жүйе қызметін тұрақты ете алады», - деді Ә. Тұрысов.
Айта кетейік, «Ashyq» қосымшасы бөтен ЖСН енгізуден қорғау мақсатында Egov жүйесіндегі азаматтардың мобильді базасымен біріктірілді . Тұрғындар Egov mobile қосымшасын жүктеп, осы қосымшамен сәйкестендіруі қажет.