Цифрлық дәуірде гуманизм мен рухани құндылықтар идеяларын насихаттау керек - Тоқаев
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Кез келген дін толеранттылықты жақтап, зорлық-зомбылық пен қақтығыстарды айыптады, сондықтан қазіргі уақытта бұл құндылықтарды адамдарға жеткізу қажет. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өз сөзінде Президент цифрлық дәуірде өмір сүріп жатқанымызды ескеріп, гуманизм мен рухани құндылықтар идеяларын жүйелі түрде алға жылжыту қажеттігін айтты.
«Біз жаңа технологиялардың адам өмірін түбегейлі өзгертетінін көріп отырмыз. Пандемия бұл процестерді жеделдетті. Цифрлық коммуникациялар, интернет, әлеуметтік желілер бүкіл әлемдегі адамдар арасындағы шекараны алып тастауда үлкен рөл атқарады. Дегенмен, осы оң элементтермен қатар цифрлық технологиялар әсерінен қоғамның қалай ыдырайтынын да байқадық. Көптеген адамдар үшін цифрлық әлем, өкінішке орай, нақты әлемді алмастырды», - деді Президент «Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің пандемиядан кейінгі кезеңдегі адамзаттың рухани және әлеуметтік дамуындағы рөлі» пленарлық отырысында.
«Дін әр уақытта білім беру қызметін атқарып келді. Құран, Інжіл, Тәурат және басқа да көптеген рухани кітаптар әрқашан гуманизм мен бейбітшілік идеяларына толы болды. Бұл кітаптар үнемі толеранттылықты жақтап, зорлық-зомбылық пен қақтығыстарды айыптады, сондықтан қазіргі уақытта бұл құндылықтарды адамдарға жеткізу қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, бүгін елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі өтіп жатыр. Екі күнге созылатын съезге 50 елден 100-ден астам делегация, оның ішінде ислам, христиан, буддизм, иудаизм, индуизм, даосизм, зороастризм, синтоизм діндерінің өкілдері, сондай-ақ саяси және қоғам қайраткерлері, халықаралық ұйымдар мүшелері келген.
Діни форумға Рим Папасы Франциск, Әл-Азхардың Жоғарғы имамы Ахмед Мохаммед Ахмед ат-Тайеб, Иерусалим Патриархы III Теофил, Ашкеназдың бас раввині Давид Лау, Израильдің Бас сефард раввині Ицхак Иосифтің және басқа да діни жетекшілер, сондай-ақ бірқатар халықаралық ұйым өкілдері қатысуда.