Цифрлық хабар таратуға көшу: Бұл не үшін қажет
Ендігі кезекте ең қиянда орналасқан елді мекен тұрғындарына барлық мемлекеттік телеарналар SD - HD форматында қолжетімді болады деген сөз. Айта кетейік, алғашқы мультиплекстегі телеарна тізімі SD қалыпты жиіліктің өзінде 15-ке дейін ұлғаяды.
Арна саны үйреншікті 4-5-тен 15-ке дейін артады. Бұл артықшылықты теледидарды ескі әдіс бойынша, кәдімгі үй антеннасымен көретін ауыл тұрғындары бірден бағалайды. Облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қала тұрғындары үшін SD форматындағы қанық кескін және анық дыбысы бар телеарна саны 30-ға жетеқабыл болады. Арналар түгел цифрлық кескін мен дыбыс сапасына ие. Цифрлық сигнал берілген кезде ешқандай кедергі болмайды.
Түпкі мақсат - Қазақстанның бүтін контент нарығында отандық телеарналар үлесін арттыру. Бұл ретте халықтың қазақ жерінде лицензиясы жоқ бөтен елдердің спутниктік кабельді операторларынан біртіндеп бас тартуы үлкен маңызға ие.
Өйткені халықаралық талаптарға сай сапалы бейне және аудиоконтент енді ауыл мен қала тұрғындарына бірдей қолжетімді. Айталық, «Балапан» және «Kazsport» арналары әр үйдің төрінде көрсетіп тұр.
Елдегі ақпараттық қауіпсіздікті күшейту. Көрші мемлекеттердің хабар тарату жиілігі бар шекара маңындағы тұрғындар отандық ТВ-ны таңдай алады.
Радиожиіліктерді үнемдеу. Бұл қарапайым тұрғынның көзіне көрінбейтін дүние болғанымен, мемлекет үшін маңызы басым. Цифрлық хабар тарату барысында бір жиілікте 15 арна трансляцияланса, аналогты хабар таратуда небәрі 1 арна беріледі. Демек, артылған жиіліктерді өзге коммуникация түрлеріне қолдану мүмкіндігі туады.
Аналогты телевизияны алғаш болып өшірген - Маңғыстау облысы. Сонымен бірге Жамбыл, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласы цифрлық эфирлік телехабар таратуға біржола көшті.
2019 жылы Алматы, Павлодар және Қостанай облысы цифрлық эфирлік хабар таратуға толық өтеді деп жоспарланып отыр. Ал, 2020 жылдың соңына дейін Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Атырау, Қызылорда облысында аналогты хабар тарату тоқтатылады. Батыс Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе облысы, Астана және Алматы қалалары 2021 жылы цифрлық форматқа ауысады.
Айта кетейік, цифрлық жүйеге көшу жобасы «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр.