«Цифрлық Қазақстан»: ОҚО-да ұстаздар, ата-аналар мен балалар сайысқа түсті

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат  - Шымкенттегі білім беру мекемелері арасында алғаш рет «Цифрлық Қазақстан» зияткерлік сайысы өтті. Байқауды қалалық әкімдік пен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ОҚО бойынша департаменті ұйымдастырды, деп хабарлайды  ҚазАқпарат тілшісі.

«Цифрлық Қазақстан»: ОҚО-да ұстаздар, ата-аналар мен балалар сайысқа түсті

Жаңа технологияның қыр-сырын меңгергендердің біріншілігіне Шымкент қаласының әкімі Нұрлан Сауранбаев қатысты. Аталған сайыс «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысында халыққа электронды қызмет көрсетуді жеделдету мен жеңілдету мақсатында ұйымдастырылды. Онда қалалық білім мекемелерінен іріктелген үздік 5 мектептің топтары өзара бақ сынады. Топтың құрамында екі-екіден ұстаз, оқушы мен ата-ана болды. Солардың арасынан оза шапқан №65 мектеп-гимназиясының «Сандық әлем.kz» командасы жеңіске жетті.

«Цифрлы Қазақстан» зияткерлік сайысында қатысушылар e-gov.kz электронды үкімет порталындағы халыққа қызмет көрсету түрлеріне қатысты білімдерін жан-жақты көрсете білді.

Ұйымдастырушылар алдағы уақытта бұл сайыс эстафета түрінде қаладағы барлық мектептерде жалғасатынын айтады.

«Елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы біршама жұмыстар атқарылып жатыр. Соның бірі - Электрондық  үкімет порталы Бұл порталда қарапайым халыққа 400-ден астам қызмет көрсетіледі. Тиімділігін айтатын болсақ, үйден шықпай-ақ санаулы минуттарда жүздеген қызмет түрлерін ала алады», - деді ОҚО Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Әли Көмекбаев.