Цифрлық технологиялар дәуірінде Елбасы мақаласының маңызы қандай
«Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы біздің бабалардың сан ғасырлық мұраларының маңызын алға шығаруға, оны түсінікті ете отырып, цифрландыру дәуірінде қажетті ете түсуге бағытталған. Қазіргі буынды өз тарихына және мақтана аларлық оның жетістіктеріне үңілту - уақтылы әрі дұрыс шешім болып табылады», - дейді сарапшы.
Айман Жүсіпованың айтуына қарағанда, қазіргі таңда көптеген зерттеу жұмыстары өскелең ұрпақтың өз тарихын біле бермейтінін, көп жағдайда үлгі ретінде қазіргі буынның тұлғаларын білетінін айғақтайды.
«Аға буынды үлгі тұту - әлбетте қуантады. Алайда сонымен бірге, жастар жасампаз бабаларын, олардың қазіргі өркениетке қосқан үлесін де білуі тиіс. Айналып келгенде тарихты түсіну ғана тұлғаны, қоғамды, жалпы халықты тануға, өзін кем-қор көрмеуге, өмір заңдылығын түйсінуге, өз тағдырын өз қолына алып, қазіргі замандағы орнын айқындауға, ұлттық мақтаныштарын анықтап, кемшіліктерін түзуге көмектеседі. Өткенді танып білмесең, болашағың бұлыңғыр деген тәмсілдің осы ретте мәнін айқын түсінуге болады», - дейді Айман Жүсіпова.
Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы атап өткендей, аталмыш жобаларды жүзеге асыру аясында Президент бірнеше бастаманы, соның ішінде «Архив-2025» жеті жылдық бағдарламасын, ««Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» жобасын, жалпытүркілік туындылардың бірыңғай онлайн-кітапханасын, сонымен бірге «Дала фольклорының антологиясын», «Ұлы даланың көне сарындары» жинағын, деректі-қойылымдық фильмдердің, телевизиялық сериалдар мен толықметражды көркем картиналардың арнайы циклін өндіріске қажеттігін көтерген.
«Осы жобалардың барлығы да цифрлық форматта қолжетімді болатынын атап өту керек. Бұл бағыт цифрлық технологиялардың даму дәуірінде өте дұрыс болары айқын», - деп түйді сарапшы.
Айта кету керек, кеше ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын жариялаған болатын.
Мақаланың толық мәтінін мына жерден оқуға болады.