Цирк әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларына жаңа қойылым тарту етті

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкент циркі әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларына жаңа қойылым тарту етті. «Маскарад» атты жаңа жылдық шоу бағдарлама екі жарым сағатқа созылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Цирк әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларына жаңа қойылым тарту етті

Цирк директоры Арман Әлиевтің айтуынша, бұл жолғы қойылымның ерекшелігі - заманауи персонаждарға арналған. Бағдарлама акробаттардың түрлі күрделі қиын номерлерімен ашылады. Мұнан соң әйгілі кино актерлардың бейнесі де бағдарламада ерекше сомдалды. Цирк манежінде бірнеше образ дыбыс пен жарықты қатар үйлестіру арқылы қойылған. Аренадағы әр түрлі сюжеттер көрермендерге ерекше әсер қалдырып, қорқыныш пен үрейлі номерлер көпшілікті таңдай қақтырды.

Шоудың тағы бір ерекшелігі - шаман образындағы атты-акробатикалық топтың көрсеткен өнері болды. Аталған топ аттың үстінде түрлі қимылдарды ерекше көрсету арқылы бүлдіршіндердің көңілінен шықты. Балалар қойылым барысында, сондай-ақ ақылды арыстандардың, үйретілген күшіктердің, әуе гимнастарының өнерін тамашалады. Бағдарламада жаңа номерлердің де тұсауы кесілді.



Цирк артистері қорқынышты, күрделі номерлермен көрермендерді таң қалдырып, көңілді клоундар аренаны күлкіге қарық қылды. Шығармашылық ұжымның тынымсыз еңбегі мен тың ізденістерінің арқасында шоу бағдарлама көрерменнің көңілінен шыға білді.



«Әртістердің дайындығы және киім үлгілерімен біз ұзақ уақыт дайындалдық. Мадагаскар еліндегі пингвиндердің образын акробат жігіттеріміз шапшаң орындап, халықтың қошеметіне бөленіп жатты. Бұл біз үшін үлкен мәртебе. Болашақта да жаңа ізденістерімізбен қуантамыз деген үміттемін», - деді Шымкент циркінің директоры Арман Әлиев.

Айта өтейік, мерекелік қойылымда жан-жануарлардан бөлек, 40-тан аса адам өнер көрсетті. Биыл Шымкент циркінің ашылғанына 7 жыл толып отыр.