CҚО биоэтанол зауыты биыл өндірісті 2,5 есе арттырады
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданындағы үш ірі кәсіпорын былтыр өңір бюджетіне 1 млрд теңгеге жуық салық төледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО әкімі Құмар Ақсақалов Тайынша ауданында болып, осындағы ірі кәсіпорындар - «Bio operations» зауытының, шошқа кешенінің және «EMC agro» ет комбинатының жұмысын көрді.
Бұл жайында ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
«Үш кәсіпорын 2021 жылды оң нәтижемен аяқтап, бюджетке 1 млрд теңгеге жуық салық пен міндетті төлемдерді аударды. «Bio operations» зауыты өткен жылы 3 мың тонна биоэтанол өндірсе, биыл өндірісті 2,5 есеге өсірмек. Сондай-ақ 6 мың тонна глютен мен 23 мың тонна крахмал өндірілді, олардың көлемі де айтарлықтай ұлғаяды. Бір осы зауытта ғана 500-ден астам адам жұмыс істейді», - деді облыс әкімі.

Тайыншада өңірдегі ең ірі шошқа кешені орналасқан.
«Өткен жылы шошқа кешенінің жаңа ғимараттары салынып, қуаттылығы 50 мыңнан 100 мың басқа дейін өсті. Кешенде 180 адам жұмыс істейді. Мал санын 200 мың басқа дейін арттыру жобасы әзірленді. Құрылыс жұмыстары көктемде басталады. Ет комбинаты 132 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Күніне 1,5 тоннаға дейін шұжық өнімдері мен жартылай фабрикаттар шығарылады. Кәсіпорын өндірісті ұлғайта береді, өйткені импорттық тауарды алмастыру қажет. Бүгінде Қазақстанда шұжық өнімдерімен қамтамасыз ету 68 %-ды құрайды. Яғни, шұжық өнімдерінің 32 %-ы басқа елдерден әкелінеді. Ет өңдеу үлесін көбейту жұмыстары жалғасады», - деп жазды Құмар Ақсақалов.


