CҚО-да балалардың спорт секциялары тегін жұмыс істейді – Құмар Ақсақалов

СҚО әкімі Құмар Ақсақалов жағымды жаңалықпен Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында бөлісті.
Өңір басшысының айтуынша, СҚО-да 27 спорт мектебі болса, онда 13 мыңнан астам бала оқып жатыр. Спорт инфрақұрылымы дамып келеді. Өңірде 3 мың спорттық нысан бар.⠀
«Соңғы бір жылда аудан орталықтарында 2 заманауи спорттық-сауықтыру кешені ашылды. Тағы 5 спорт орталығының құрылысы жалғасып жатыр. Өткен қыста аудандарда 3 хоккей корты қолданысқа берілді. Жыл соңына дейін тағы 2 хоккей кешенін ашамыз. Дарынды жас спортшыларымыз оқитын мектеп-интернат-колледжге арналған жатақхананың құрылысы басталды.
Президенттің тапсырмасы бойынша спорттағы мемлекеттік тапсырыс жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл ата-аналар мен балалар үшін керемет жаңалық. Облыста 3 мыңнан астам бала қазір ақылы спорт секцияларына қатысады. Енді олардың барлығы бұл секцияларда тегін жаттығатын болады», - деп жазды Құмар Ақсақалов.